Нұрбике Бексұлтанқызы

Интернет конференция  3064  63 пікір 25 Қазан, 2019 сағат 20:02

«Шыңғысханды дәріптейтін болсақ, әл-Фарабиді жоққа шығару керек!»

Нұрбике Бексұлтанқызы

 

Құрметті оқырман! «Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференцияның осы жолғы қонағы - белгілі журналист, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Парасат майданы» жобасының авторы әрі жүргізушісі Дархан Әбдік мырза болды.

«Abai.kz» оқырмандары тарапынан Дархан Әбдік мырзаға ұзын-ырғасы 40-қа жуық сұрақ келіп түсті. Спикеріміз 1 сағатқа жуық отырып, сіздердің сұрақтарға жауап берді.

Сұрақтардың қайталануы мен оқырмандар арасында ойжарыс, пікір-таластың орын алуына байланысты, спикердің сұхбат барысында айтқан өткір ойларын ықшамдап жариялауды жөн санадық.


- Дархан аға, сіз жуырда әл-Фараби туралы деректі фильм түсірдіңіз. Бұл фильмнің мақсаты не?

- Фильмнің мақсаты деген қиын нәрсе ғой. Мен бұған дейін Шоқан туралы фильм жасағам. Жалпы, фильм түсіргенде қалыптасқан пікір бар. Сен сол дүниеге өзіңнің қандай да бір ойыңды қосқың келеді.

Біздің мақсат - әл-Фарабиді түсіну, құндылықтарын қанымызға сіңіру

Біз әл-Фарабиді көбіне мақтаймыз. Біз қазақ болды, өзбектер өзбек болды, басқалар басқа болды дейді. Бірақ, шын мәнінде әл-Фарабидің дүниетанымына еніп, соны түсініп жатырмыз ба? Мәселе сонда! Өйткені, әл-Фараби - қазаққа ғана немесе өзбекке ғана тиесілі емес, ол бүкіл адамзатқа ортақ тұлға.

Әл-Фараби бүкіл әлемде “Екінші ұстаз” атаған және сол әл-Фарабидің бүкіл қадір-қасиетін сақтап, өзіміз ұмытып қалған дүниені бізге қайтарған - Европа. Өйткені, Европада қайта өрлеу дәуірі деген болды.

Сол кездің өте данышпан ғалымдарының барлығы әл-Фарабиді өзінің ұстазы деп есептеген. Олар оның атын өшірмей, сақтап қалған. Соның арқасында әл-Фараби бізге қайтып келді. Ал, оның философиясында біздің қазіргі заманымызға, қазіргі түсінігімізге өте қажет нәрселер бар. Мәселен, әл-Фараби X ғасырда өмір сүрген кезде өте фундаменталды ұғымдарды қалыптастырған. Оның “Ізгі қаланың тұрғындары” деген еңбегі бар. Ізгі қала деген ол кезде қоғам деген сөз ғой. Ол ізгілікіті қоғамның моделін қалыптастырды. Ол қандай болу керек екенін айтты.

Парламенттік Республика ұғымы сол кезде қолданыста болған

Ол кезде діни наным-сенімге байланысты “бәрі бір Алланың қолында”, тіпті, “әміршіні Алланың өзі ғана таңдайды, демек, биліктің басында отырған адамға қарсы сөз айтуға болмайды. Өйткені ол Құдайдың қалаулысы” деген ұғым қалыптасқан кезде, әл-Фарабилер оны жоққа шығарған. Олар “билеушінің бойында қандай да бір белгілі қасиеттер болу керек. Егер, билеуші ол қасиеттердің бәрін бойына сіңірмесе, онда оның қасында сол қасиеттерді толықтыратын адамдарды алып, солар арқылы бірге билеуі керек” деген мәселелерді алға тартқан. Мысалы, бүгінгі Парламенттік Республиканың негіздерін айтқан..

Адам жұмақта емес, осы өмірде бақытты болуы керек

Адам жұмаққа барған кезде бақытты болмауы керек, адам осы өмірде бақытты болу керек. Ол үшін ізгілікті қоғам қалыптастыру керек. Ал, ізгілікті қоғам қалыптастыру үшін талпыну керек, үнемі іздену керек деген нәрселерді айтқан. Мен оны - философиялық, дүниетанымдық тұрғыдан өте маңызды деп ойлаймын. Сондықтан, әл-Фарабидің беделі бізге тәуелсіз. Ол онсыз да әлемде мойындалған адам.

Бірақ, біздің мақсатымыз - әл-Фарабиді түсініп, білу. Сосын, әл-Фарабидің құндылықтарын өзіміздің қанымызға сіңіру.

- Бұл Сіздің жеке шығармашылық жұмысыңыз ба, әлде мемлекеттік тапсырыс па? Өйткені, ондай да ой-пікірлер айтылды...

- Кезінде "Қазақстан" телеарнасының басшысы Ерлан Карин болды. Сол Ерлан маған деректі фильм түсіресің бе деп ұсыныс айтқан соң, мен бірнеше тақырып ұсындым. Соның ішінен әл-Фарабиді түсірейік деп, Ерлан өзі маған ұсыныс жасады. Сондықтан бұл "Қазақстан" телеарнасының басшысы болған Ерлан Кариннің ұсынысы. Идея соныкі деп айтуға болады.

Ол жақта әл-Фарабидің көктасы тұр, Бейбарыстың зираты жатыр

- Деректі фильмнің бір бөлігі әл-Фарабиге топырақ бұйырған Шам шаһарында өтіпті. Сүрия қазір соғыс алаңы. Түсірілім тобының ол жаққа барып келуі біраз машақат тудырған шығар...

- Расында, барып келу өте қиын болды. Өйткені Сирияға бару қиын. Өзіңіз айтқандай, ол жақта соғыс жүріп жатыр. Оның үстіне, ол жақта Қазақстанның дипмиссиясы да жоқ. Бірақ, бізге Ливандағы Қазақстанның елішісі мен сол жақтағы Консулы өте көп көмектесті. Біз алдымен Бейрутқа бардық. Ары қарай, келісім алған соң Сирияға, Дамаскіге бардық.

Ол жерде әл-Фарабидың зиратының басында үлкен кесене бар. Оның барлығын Қазақстан салған. Кешен шын мәнінде өте жақсы жасалған. Онда әл-Фарабидің көктасы тұр. Сол жерде Бейбарыстың зираты тұр. Қазір соғысқа байланысты біраз шешілмей жатқан мәселелері бар. Бірақ, ол жерде шын мәнінде Қазақстан үкіметінің сіңірген еңбегі өте көп.

Сириядағылар да әл-Фарабиді ұлттық мақтаныш санайды

Менде ол жерге барғанда мәлімет алу деген мақсат болған жоқ. Жалпы, телевидение үшін, фильм үшін сен әңгіме айтып тұрған жеріңе барып, сол жерді көрсету маңызды. Бұл былайша айтқанда видео-дерек. Сондықтан, ол менің барғым келгені үшін емес, фильмнің, жанрдың өзіндік қағидаларына сай болу үшін. Сондықтан керемет бір тың мәлімет алдым деп айта алмаймын. Бірақ, өзім таңқалған бір нәрсе - біз әл-Фарабиді керемет зор тұлға тұтсақ, Сириядағылар да оны дәл солай өзінің ұлттық мақтанышы деп есептейді. Мәселен, Дамаскідегі ең ұзын көше әл-Фараби көшесі.

Қазақстан телевидениесі өзінің басты міндетін атқармай отыр

- Дархан аға, сіз бірнеше деректі фильм түсірдіңіз. Жалпы, бұл жанрда неге көбірек мән бересіз?

- Көп мән беремін деп айта алмаймын. Бұл жанр менің өзіме қызық. Осы жанрда жұмыс істегенді жақсы көремін. Екіншіден, менің пікірмше, біздің Қазақстанның телевидениесі өзінің ең басты бір міндеттерін атқармай отыр. Ол - ағартушылық. ТВ-ның ағартушылық міндеті болу керек. ТВ халықтың, көрерменнің сауатын арттыру керек. Оның парасат деңгейін көтеру керек. Біздің ТВ өкінішке қарай, тек дақпырт, мақтаныш, ермек, күлкіге айналып кеткен.

Ал, әл-Фараби туралы фильмді түсіргенде мақтау үшін, оның атағын түгендеу үшін түсірген жоқпын. Бізде бірыңғай мақтайтын фильмдер онсызда көп. әл-Фарабиға менің мақтағаным бес тиынға керегі жоқ. Мен әл-Фарабиға бес тиынға керегім жоқ. әл-Фараби бізге керек. Сондықтан біз оны түсінуіміз керек. Мәселе сонда. Ең бастысы - әл-Фарабидың ғылыми мұрасын, оның руханиятын, оның ізгілік қағидаларын қанымызға сіңіруіміз керек. Егер әл-Фараби қазақ болсын десек, оның мұрасын ұлтымыздың руханиятына айналдыру қажет.

- Әл-Фараби әлемдік тұлға. Оның ғылым мен руханиятқа қосқан үлесі ұшан теңіз дейміз. Сіз енді деректі фильм түсіру барысында Фарабиді біраз зерттедіңіз ғой. Оның әлемдік ғылымға қосқан үлесі туралы айтып беріңізші..

- Өте көп. Біріншіден, ол кезде өздеріңіз білесіздер, алдымен Христиан діні, одан кейін Ислам діні келгеннен кейін, оған дейінгі көп құдайлық тұсындағы грек ғұламаларының көбі кәпір боп есептелген. Сол ғұламалардың еңбектерін классификациялап сақтап қалған әл-Фараби.

Екіншіден, әл-Фарабидың музыка туралы үлкен кітабы бар. “Музыканың үлкен кітабы” деп аталады. Бұл қазіргі бүкіл музыка тану ғылымының негізі, тұғыры. Содан ештеңе өзгерген жоқ. Айныған жоқ. Әлі күнге бүкіл музыкатану ғылымы әл-Фарабидың еңбегінің негізінде жасалып отыр.

Үшіншіден, ізгі қоғам туралы толғаныстары, трактаты. Ізгі қоғам деген бұл - адамзаттың өмірлік мұраты, өмірлік мақсаты. Бүкіл адамзат ұлтына қарамай ізгі қоғамда өмір сүруді армандайды. Соның қағидаларын алғашқылардың бірі болып ғылыми түрде жазып кеткен - әл-Фараби. Сондықтан, әл-Фараби әлемдік тұлға. Ол бір ұлттың аясына симайды.

Шыңғысхан туралы жағымды образды - комплексі бар жазушылар ойлап тапқан

- Бізде кейбір зиялы қауымның  арасында Шыңғысханның ұлты туралы дау әлі күнге өзекті. Қызу талқы болып жатады. Алайда, оның Орталық Азия өркениетіне жасаған қиянаты туралы неге айтылмайды?

- Айтылмайды.Айтылмайтын себебі - біздің жазушыларымыздың көбі жастайынан төбелесіп өспеген. Ал, төбелесіп өспеген адам әрқашан қара күшке табынатын қорқақ болады. Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді. Мысалы, маған Шыңғысханның ұлтының кім екені бәрібір. Өйткені, Шыңғысханның зұлымдарықтарының барлығы тарихта қалды. Мысалы, оның Отырарды алған кезде бүкіл халқын қалай қырғаны, кітапханаларды өртегені, Қайырханның көмейіне қорғасын құйғаны туралы деректер бар.

Шыңғысхан - домбыраның көмейіне қорғасын құйған адам. Естеріңізде бар ғой, "Ақсақ құлан" деген күйдің аңызы. Домбыраның көмейіне қорғасын құйды деген не сөз? Ол - халықтың үнін өшірді деген сөз. Шын мәнінде, Қадыр Мырзалиевтің керемет сөзі бар. "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра" деген. Домбыра бұл - қазақтың жаны, бүкіл сыры, ойы, шері бәрі домбырада. Міне соның үнін өшіріп, көмейіне қорғасын құйған адам – Шыңғысхан.

Қазақтың аңызында, фальклорында Шыңғысхан туралы бір де бір жағымды сөз жоқ. Оны ойлап тауып жүрген кейінгі сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар.

Шыңғысханды дәріптейтін болсақ - әл-Фарабиді жоққа шығару керек!

Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда әл-Фарабиды жоққа шығару керек. Өйткені әл-Фараби шыққан Отырарды құртқан - Шыңғысхан!

Егер сіздер Шыңғысханды дәріптесеңіздер, онда, Гитлер де керемет. Онда Напалеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек, жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер онда Шыңғысханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғысханға табынған қоғам - ешқашан ізгілікті қоғам болмайды.

Қажы мұқамбет қаракедей 2019-10-26 20:33:30

Тарханұлы фарабдан

Білім іздей əр жақтан

Тапты бір ой алыстан

Елі тіпті ұмытқан

Іздей берер хикметті

Пайымдаған үмбетті

Дінді сайған қарсылас

Білімге болар ескетті

Дүмше молда дін бұзса

Шала білген тап сол да

Шіріген шығар іріген

Дөп айтады тілде ұста

Құдайды жоқ дегендер

Болар боқты жегендер

 Тезегі басқа айуанды

Бекер адам демеңдер

Білім шыңы- "білмеймін"

Көместі іздей жөнеймін

Соныменен аспаға

Үдере беп өрлеймін

Бұл Дарқан да Шыңғыстай

Моладағы байғыстай

Айғай салар қоймастан

Дауысы оның қарғыстай.

منبع : حاجي محمد شادكام |Шыңғысхан жəне əл-фараби منبع : |Шыңғысхан жəне əл-фараби
برچسب ها : оның ,керек ,фараби ,деген ,туралы ,фарабиді ,көмейіне қорғасын ,болу керек ,деректі фильм ,ізгілікті қоғам ,шығару керек ,жоққа шығару керек ,